Білім алу ешқашан да кеш емес
Білім алу ешқашан да кеш емес

Жасы егде тартса да, Құранды түпнұсқадан тәжуидпен оқып үйренуге талаптанып жүрген қарияларды көргенде риза боласың. Кеше мешітте осы кісінің жанында отырып, "Мұғалим сәни" кітабымен Құран оқуды үйреніп отқанын көзім шалып қалды. Талабы, құштарлығы, ынтасы үлкен боп көріндi: имамға барып, түсінбегенін сұрап, түсінген кезде балаша қуанғанын көрсеңіз ғой. "Құран оқыған адам қартайғанда, алжымайды" деген сөз бар. Қазір Норман Джойдждың "Пластичность мозга" атты кітабын оқып жүрмін. Сол жерде де үнемі жаңа нәрсе үйреніп, өзіңді жаңа білімге баулып жүрудің маңыздылығы жайлы айтылған. Мидың жұмысы белсенді болғанда, адамның өмірге деген құштарлығы қартайса да, кемімейді дейді. Адамның қартаюы мидың белсенділігінің төмендеуімен болады екен. Сондықтан кейбіреу отызында ''қартайып'' жатса, енді біреу сексен жаста әлі де ''жас'' болуы мүмкін. Өкінішке қарай, біз көбіне мектеп,универдің білімімен шектеліп, қалған өмірімізге соның өзі азық болады деп ойлаймыз. 30-50 жаста жаңа мамандық игеру, жаңа шет тілдерін меңгеру біздің қоғамға таңсық дүние. ''Жанұя қамы бар, зейінім жас кездегідей емес, уақытым жоқ'' деген сынды сылтауларды естіп жатамыз. Түсінгенім, жаңа нәрсе үйрену, жаңа салада білім алу ешқашан да кеш емес. Мүмкін сіз дәрігер болуды армандаған шығарсыз, бірақ белгілі бір себептермен басқа салада білім алдыңыз. Әлі де кеш емес. Медицина саласындағы ғылыми әдебиетті оқи бастаңыз, адамның дене құрылысы жайлы арнайы бағдарламалар қарай бастаңыз. Кішкентай болса да, алға қадам жасай беру керек. Бастысы білімге деген құштарлығыңыз сөнбесін. Мүмкін сіз неміс, француз, испан тілдерін меңгергіңіз келген шығар, бірақ белгілі бір себептермен тіл үйренуге кіріспедіңіз. Әлі де кеш емес. Адам интеллектінің мүмкіндіктері орасан. Қазір интернетте тіл үйрететін қызықты видео-дәрістер өте көөөп. Бірден меңгеріп алам деп ойламай, ақырын-ақырын, кішкентай нәрсе болса да, күнделікті үйрене беру керек. ''Тамшыдан тама-тама дария пайда болады''.

''Тал бесіктен жер бесікке дейін білім алып'', өзімізді өмір бойы студент боп сезініп өтейік.

Данияр Жігітбек
06.11.2015

Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
4 жыл бұрын 2431
1 пікір
Блог туралы