Пайғамбардың мінезі үлгі бізге,
Шынайылық ұялар нұрлы жүзде.
Екі жаһан сардары өмірінде
Қалжың да айтып жүргенін білдіңіз бе?
Асығып Пайғамбарға жету үшін,
Бір қарт әйел келді айтып өтінішін:
''Алла мені Жаннатқа кіргізсін деп
Сұрашы!
Болмасын еш өкінішім''.
Жаратқан Пайғамбарды ардақты ғып,
Жүзінен көрініп бір салмақтылық:
''Кәрі адамдар Жәннатқа кірмейді'' - деп,
Айтқанда, қарт әйелде қалмапты үміт.
Егіліп жылай берді, жүрегі алаң,
Пайғамбар жымиып бір күледі оған:
''Жыламаңыз, кейуана, - деп жұбатты. -
Жәннат-баққа жасарып, кіреді адам''.
Келеді әзіл айтып, күлгіміз де,
Жалған үшін бермеген тілді бізге.
Қалжыңдаса, тек қана шындықты айтқан
Пайғамбар мінезінен үлгіні ізде!
Данияр Жігітбек
31.01.2016