Ахирет жайлы диалог
Ахирет жайлы диалог

- Бауырым, осы сенің өзіңді қинап, дәрет алып, намаз оқып жүргеніңді көрем. Өзіңді көп нәрседен шектейсің. Оданша адам сияқты өмір сүрсей. Өзіңді бос ұста. Мына өмірдің қызығын көріп қал. Қарасай, айналамызда қаншама қызық дүниелер бар. Мына өмірде барынша жүріп қалу керек, әр нәрсенің ләззаттын татып дегендей.

- «Әр нәрсенің ләззатын тат» деп, «күнәні белшесінен басып жүре бер» дегің келіп тұр ғой?

- Күнә-мүнәңді білмейм, онда тұрған не бар дейсің. Арақ іш, қыздарға бар, казино да ойнап көр. Түнгі клубтың не екенін біл.

- Жоқ, бауырым, мен олай өмір сүре алмайды екенмін. Ертең Алланың алдына барғанда, жасаған әрбір ісім үшін жауап берем. Ол әркімнің істеген амалына сай сыйын немесе жазасын береді. Сол үшін Оның әмірлерін орындап, қайтарғандарынан қайтуға тырысам. Сен айтқан жолмен жүрсем, Алланың қаһарына ұшырап қалудан, Оның жазасынан қорқам.

- Қайдағы жаза, бауырым? Жүрміз ғой міне, басымыз сау, ештеңе болған жоқ. Әне, қарашы, кейбіреу тиынын санап жүр, аурудан көз ашпайды, сол сен сияқты адал өмір сүрем дейді. Алған сыйы сол ма? Өмірінің бәрі проблема.

- Алла Әділетті, бауырым. Оның әділеттілігі орындалу үшін де Ахирет күні керек. Мысалы, шектен шығушылар бұл дүниеде ойына келгенін істеп, жазасыз қалып жатыр. Ал кейбіреу адал өмір сүруге тырысса да, қиындықтың құрсауынан шыға алмай жүр. Бірақ Ахирет күні болғанда Алла бәріне қатысты әділетті шешімін шығарып, өз орнына қояды.

- Қойшы соны, күлкімді келтірмей. Бұрынғылардың ертегісін айтасың. Ешқандай Ахирет күні болмайды. Кім біледі дейсің оны? Ертең не боларын ешкім де білмейді. Осы дүние – біздің шалқып өмір сүріп қалатын жеріміз.

- Сонда адам дүниеден өткен соң, жоқ боп кетеді деп ойлайсың ба?

- Иә да, топыраққа айналамыз да жоқ боп кетеміз. Басқа қайда барамыз дейсің?

- Жоқ, бауырым, адам баласы қайтыс болған соң, шіріп жоқ боп кетпейді. Ол қайта тіріледі. Ахирет күні деген - пенделердің Жаратқан Иесіне қайтатын күні. Өлімнен соң қайта тірілетін күні. Алланың алдында өмірін қалай өткізгені жайлы есеп беретін күні. Осыған дейін қаншама пайғамбарлар жіберілді, адамзат жаратылғалы пайда болған діндердің барлығында дерлік ол Күннің болары айтылған. Ойлап қарашы, 100 адам кеп, келісіп, саған бір өтірікті айта берсе, сен «әй, мыналардың айтқаны рас емес пе екен?» деп ойланып қаласың ғой, солай ма? Енді «Қиямет күні болады, Аллаға бойұсынғандар Жұмаққа барады, қарсы келгендер Тозаққа барады» деп айтып өткен 124 000 пайғамбардың сөзіне қалайша сенбейсің?

- Мен сене алмаймын. Маған нақты факт керек. Ол жаққа кім барып келді дейсің. Мен кітаптарда жазылған бұрынғы аңыз-ертегілерге сенбеймін. Көзіммен көрмейінше, менің ақылым ондайды қабылдамайды.

- Бауырым, бір нәрсеге сену үшін оны міндетті түрде көру керек деп ойлайсың ба? Мысалы, құрсақта жатқан бала, «құрсақтан шыққаннан кейін өмір жоқ, себебі мен оны көрмедім» десе орынды ма? Немесе «маған аяқ-қол керек емес, бәрібір бұдан кейін өмір жоқ, оның еш қажеті болмайды» десе, қалай? Факт керек дейсің. Айналаңа қарашы. Күз келгенде жапырақтарын тастап, қыс бойы өлімнің құрсауында жатқан ағаштар көктем келгенде, қайта тіріліп, бүр жарып, жасыл желекке оранып жатқанын жыл сайын көретін боларсың. Бұл қайта тірілудің ишарасы емей немене? Немесе құрғап жатқан жерге жауын жауса, жер қайта тірілгендей, егін өсе бастайды ғой, соған ой жүгіртіп көрмедің бе? Бүкіл табиғат саған ақиқатты айтып тұр, ал сен оны қабылдағың келмейді.

- Жә-жә, сенің позицияң түсінікті. Енді сенің не үшін тырысып жүргенің белгілі болды. Өзіңе қиындық туғызып, күніне бес рет дәрет алып, намаз оқисың, бір ай қиналып ораза ұстайсың, бөтен әйелдерге қарамайсың, бармайсың, арақ ішпейсің, темекі тартпайсың. Бұндай өмірдің несі қызық дейм да. Енді айтшы, Ахирет күні болады деп тырысып жүрсің ғой, сол Күн болмай қалса, мынаның бәрі бекер болады ғой, жағдайың не болмақ? :-)

- Мен дәрет алып, намаз оқып жүрсем, денемді таза ұстаймын, сергек жүремін, ойым тыныш. Намаз да бір медитация іспеттес. Ораза ұстасам, іш құрылысымды демалдырып, бір тазалап алам. Бөтен әйелдерге көз салмасам, әйелімнің алдында адал болам, жанұямыздағы гармония сақталады, темекі шегіп, арақ ішпесем, денсаулығымды сақтаймын. Ал енді сен айтшы, мен айтып жатқан Ахирет Күні болатын болса, сенің жағдайың қандай болмақ?

-         ...

Данияр Жігітбек

Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
9 лет назад 6292
0 комментариев
О блоге