Әркім өзіне қатысты іспен айналысса...
Әркім өзіне қатысты іспен айналысса...

Қоғамның бір мүшесі ретінде оның тыныс-тіршілігін бақылап, пікірлеп жүретінім бар. Кейбір жайттар көңілді құлазытып, кейбір жайттар көңілге үміт сыйлайды. Соңғы кезде байқап жүргенім: көп адам өзіне қатысы жоқ, өзі әсер ете алмайтын нәрселерді талқылап, пайдасы жоқ істерге уақытын жұмсап жатқан сияқты. Әсіресе мұны отырыстарда жиі байқауға болады. Жеңгелеріміз жинала қалса, қай жұлдыз қайда барғанын, не істеп жүргенін, қандай көлік айдап жүргенін, кімнің үйленіп, кімнің ажырасқанын талқылай бастайды. Ағаларымыздың басы қосылып, саясатты сөз қылғанда, олардан асқан білгір жоқ-ау дерсің. Бір отырыста біраз мәселені шешіп тастайды-ау. Сонда «басқа талқылайтын, бас қатыратын мәселелері жоқ па?» деп ойлаймын. Жұлдыздардың өмірін әңгіме қылғаннан, сағаттар бойы саясатты тілге тиек еткеннен олардың өмірі өзгеріп жатыр ма екен? Оданша өсіп келе жатқан балаларын жан-жақты тұлға етіп тәрбиелеуді талқыласа ғой. Өтпелі кезеңдегі баламен қалай қарым-қатынас жасау керек? Қандай үйірмеге беруге болады? Демалыстарын қалай пайдалы өткізген жөн? Болашақ мамандығына қазірден бастап қалай дайындаған дұрыс? Осының өзі - біле білгенге таусылмайтын үлкен тақырып. Әрі аға-жеңгелеріміздің өміріне тікелей қатысты нәрсе. Бас қосқанда, бала тәрбиесінің төңірегінде әңгіме өрбітсе, болашағына жасаған бір жақсы инвестиция болар еді деп ойлаймын. Адамның бос уақыты көп болған соң, өзіне қатысы жоқ іске араласатын сияқты. Мешітті айналшықтап, сақал мен балақтың ұзындығы қандай болу керектігін күні бойы талқылап, уақытын өткізген әсіре діншіл жастарды көргенде сондай ой келеді. Ислам ғалымдары бекітіп жауып тастаған тақырыптарды қайта көтеріп, айта-айта жауыр қылатын болды. Араб әліпбиінен аспайтын білімі бар, сөйте тұра өміріне еш өзгеріс енгізбейтін дүниелерді қозғайды-ау. Сол уақыттарын жаңа мамандық игеруге, білім алуға жұмсаса ғой. Өміріне тікелей қатысты мәселелерге неге бас қатырмайды екен? Инстаграмда әншілердің акаунттарын парақтап, пікір жазып, бір-бірімен өміріне еш қатысы жоқ мәселелерде қызыл-кеңірдек боп таласып, уақытын бекер өткізіп жатқандар ол істерімен өз өмірлерін де, қоғамды да өзгерте алмайтынын білсе ғой. Оданша бар күшін қолынан келетін, болашағына тікелей қатысты істерге, оқуға, еңбекке жұмсаса, өмірі әлдеқайда жақсарар ма еді. Неге бізге өзгелердің өмірі өзіміздікінен қызығырақ? Дамытуымыз қажет қаншама тұстарымыз бар. Дұрыс дикция қою, тік жүру, талғаммен киіну, спорттық формада болу, білімді жетілдіру, шет тілін меңгеру, айта берсе көп, міне, осылар - біздің көңіл бөлетін нәрселеріміз. Әркім өзіне қатысты іспен айналысса, қоғамда көп нәрсе басқаша болар еді деп ойлаймын. Жұлдыздар жайлы журналдар азайып, ғылым-білім жайлы, жеке даму жайлы журналдар көп сұранысқа ие болар еді. Саясатпен тек саясаткерлер, дінмен тек дін мамандары айналысатын еді. Ата-аналар үшін бала тәрбиесі өмірінің ең үлкен миссиясына айналар еді. Ең бастысы, қоғам дамып, алға жылжитын еді.

Данияр Жігітбек

Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
9 лет назад 4626
1 комментарий
  • Иә, расында да мұның барлығы бос уақыт көп болғанынан. Ал адамдағы бостың бәрін шәйтан толтыратыны сөзсіз.
    9 лет назад
О блоге