Бес парыздың бірі – қажылық
Бес парыздың бірі – қажылық

Мойныңдағы бір парыз – қажылығың,

Бұл ұлы құлшылықтың мәнін ұғын!

Бет бұрсын Қағбатуллаһ жаққа қарай

Іздегендер Алланың разылығын.

 

Не жетеді құлшылық нығметіне,

Аллаға қонақ болу құрметіне?!

Ибраһим Пайғамбардың шақыртуын

Қабыл алған нұр жаусын миллетіне!

 

Қажылықты «белгілі айлар» деген,

Тазала жүректі ізгі ойларменен.

Жарыңмен жақындасу, ұрыс-жанжал,

Күнәға бұл кезде жөн бой бермеген.

 

Қажылықтың шарттарын білу міндет,

Пайғамбардан үйренсін сырын үммет.

Үш парыз, бес уәжіп бар қажылықта,

Шарт болар мұсылманға мұны білмек.

 

Ихрам кию – парыздың алғашқысы,

Бұл күйде бұрынғыдай болмас кісі.

Екі ақ мата оранып, харам болған

Амалдан аулақ жүрсін ең бастысы.

 

Ихрамда кейбір ісің болды күнә:

Болмайды шаш-тырнақты алдыруға,

Иіссу себінуге, әйеліңмен

Қосылып, құмарыңды қандыруға.

 

Ақ матаға оранып алған күні

Еске түссін өмірдің жалғандығы.

Бәрі қалар, тек сені сол матамен

Кебіндейді жаназаң болған күні.

 

Келесі парыз – тұру Арафатта,

Бөленер күн ерекше шарапатқа.

Тозақтан талай адам құтқарылып,

Қабыл болар не тілеп, қаласақ та.

 

Келген кезде Арафат жазығына,

Пенденің ең ардақты сөзі – дұға.

Арафатта тұрғанда, «кешірілмей

Бір күнәм қалар» деудің өзі күнә.

 

Соңғы парыз – Қағбаны тауаф қылу,

Жеті рет айналуға талап қылу.

Бір жылдық құлшылық боп жазылады

Көз алмай Байтуллаһқа қарап тұру.

 

Жете алсаң Қара тасқа, сүю үшін кеп,

Мадақта бір Алланы «Ұлысың!» деп.

Тауафтан соң Ибраһим мақамының

Артында нәпіл намаз қылу – сүннет!

 

Толық боп тұрсын десең қажылығың,

Орында тегіс бәрін уәжібінің.

Бесеуі оның негізгі, соны айтайын

Табу үшін Алланың разылығын.

 

Күн батып, Арафаттан аттанасың,

Муздалифа жазығын бетке аласың.

Сол жерде тұру - уәжіп, ақшам менен

Құптанды қосып бірге атқарасың.

 

Ол жерге үстің шаң-шаң боп барасың,

Менмендік жоқ, мүсәпір боп қаласың.

Ихрам киген пенделер таңда тұрып

Жатқанда, Махшарды бір еске аласың.

 

Содан соң Мина деген дала жаққа

Қайтып кеп, аттанасың Жамаратқа.

Онда уәжіп Шайтанға тас лақтыру,

Минаға қайт жеті тас санап ат та.

 

Ендігі уәжіп шашыңды алдыруың,

Немесе сәл қысқартып, қалдыруың.

Шығасың осылайша ихрамнан,

Минада енді санаулы қалды күнің.

 

Ол жерде тағы да екі күн түнейсің,

Дұға қылып, Алладан шын тілейсің.

Екі күн жиырма бірден тас лақтырып,

«Шайтанды менен аулақ қылшы» дейсің.

 

Көп құлшылық қыл Мекке қаласында,

Жасайтын уәжіп амал бар осында:

Парыз тауаф қылған соң, сағи жаса

Сафа менен Маруа арасында.

 

Жүгіресің, кей сәтте сүрінесің,

Құлшылықтың мәніне үңілесің:

Еске ал ертең Махшарда дәл осылай,

Шапағат іздеп сан саққа жүгіресің.

 

Алланың разылығын табатын құл,

Белгілі өткізбесі сағатын құр.

Қажылықтың бітіріп бар амалын,

Соңғы уәжіп - қоштасу тауафын қыл.

 

Сауабы қажылықтың қабыл болған

(Барлық шарты дұп-дұрыс орындалған)

Тек қана Жәннат екен, олай болса,

Қажылық жасауға асық, сағынған жан!

Данияр Жігітбек

Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
8 лет назад 5585
3 комментария
  • Жаялық. Бесік. Іңгəлау
    Еңбектеу. Жату. Сырғанау
    Отыру. Тұру. Жүгіру
    Былдырлау. Сөйлеу. Тыңдамау
    Мұғалім. Мектеп. Дəптерлер
    Қоңырау. Сынып. Шектеулер
    Жолдастар. Парта. Махаббат
    Қоштасу. Гулдер. Кептерлер
    ҰБТ. Мақсат. Армандар
    Ашыққан. Қашқан. Тағдырлар
    Ғашықтық. Достық. Төбелес
    Сессия. Диплом. Қорғаулар
    Қоңырау. Мектеп. Гүл. Көрік
    Тоқсандық. Бестік. Күнделік
    Жұрт. Сөз. Сын. Ақша. Универ
    Мақтаныш. Диплом . Пұл. Көлік
    Мамандық. Кəсіп. Игеру
    Талпыныс. Білім. Үйрену
    Тырысу. Үміт. Илену
    Бойдақтық. Көңіл. Үйлену
    Өсіру. Келін. Танысу
    Берісу. Намыс. Алысу
    Құдалық. Киіт. Табысу
    Несие. Тойлау. Жарысу
    Жаялық. Бесік. Іңгəлау
    Немере. Ата. Жұлмалау
    Емхана. Ауру. Дəрігер
    Өкініш. Өмір. Жылдар-ау....

    Шұғыла Көркем
    Facebook-тегі парақшасынан
    8 лет назад
  • ұмытпасам, осы өлеңнің авторы сіз емес пе едіңіз?
    8 лет назад
О блоге