Бұл қысқа ғана жазбамда нәпсіні тәрбиелеуге арналған бір әдіс жайлы жазсам деп едім. Бұл – үмметіміздің ұлы ғалымы әл-Ғазали ұсынған «Мурабата» деп аталатын әдіс. Бұл әдіс 4 қадамнан тұрады: (1) «Мушарата» - өз-өзіңмен келісім-шарт жасау; (2) күні бойы өз-өзіңді бақылау; (3) күн соңында өзіңе есеп беру; (4) шартты бұзғаның үшін нәпсіңді «жазалау».
«Мурабата» әдісін іс жүзінде қалай қолдануға болатынын көрсету үшін қарапайым мысал келтірсем. Мәселен, сіз ұйқы қысып, таң намазына уақтылы тұруға нәпсіңізді ауыздықтай алмайсыз делік. Күн сайын кезекті таң намазын қаза қылып келесіз. Бұған етіңіздің үйренгені сонша, күнәнің ауырлығын сезінуден қалдыңыз.
Енді қайтпек керек? Жазбаша түрде өз-өзіңізбен ендігәрі таң намазын қаза етпеуге келісім-шарт жасайсыз. Ең бастысы, шарт бұзылған жағдайда қолданылатын «жаза» түрін де көрсетіп қоясыз.
Ал енді нәпсіні қалай жазалаймыз? Денеге физикалық зиян келтіруге болмайды, себебі денеміз аманат. Нәпсіні ұнатқан нәрсесінен айырып немесе ұнатпаған нәрсесін істету арқылы жазалауға болады. Біздің жағдайда, жаза ретінде 50 ракаат нәпіл намаз оқуды алса болады. Келісім-шартыңызды «Осы келісім-шартты толықтай орындауға Алланың алдында уәде беремін» деген сөздермен бекітіп қойыңыз. Енді сізді нәпсіңіз таңда, ұйқыңызды қимай жатқаныңызда, «алдай» алмайды, себебі шартқа сәйкес сіз қазір тұрып, таң намазын оқымасаңыз, кейінірек 50 (!) ракаат (оған шамамен 1-1,5 сағат уақыт кетеді) оқуға тура келетінін білесіз. Ал бұл нәпсіге өте ауыр тиеді. Сол үшін жылы төсектен тұрып, таң намазын уақытында оқу сізге жеңілірек болады.
Төменде келісім-шарт кестесі берілген. Үлгі ретінде қолдансаңыз болады. Баршамызға «Ұлы жиһадта» жеңіс тілеймін.
Нәпсіні тәрбиелеуге арналған өз-өзіңмен келісім-шарт
Есімім |
Менің әлсіз тұсым |
Бұл не үшін маңызды? |
Есеп беру уақыты |
Шарт бұзылған жағдайда қолданылатын «Жаза» |
Уақыты |
Жалқаубек |
Таң намазын нәпсіме беріліп, қаза етіп қоя берем |
Таң намазын оқу – парыз! Парызды орындамау - үлкен күнә! |
Күнделікті кешке |
50 ракаат нәпіл намаз оқу |
22.10.2015 |
* Осы келісім-шартты толықтай орындауға Алланың алдында уәде беремін.
Қолтаңба_________________
«Жаза» түрлерінің мысалдары:
- Құран немесе басқа кітап оқу (50-100 бет);
- садақа беру (5000-10000 тг);
- ораза ұстау (1-3 күн);
- 50 ракаат нәпіл намаз оқу;
- үйді немесе мешіт әжетханасын тазалау, т.б.
Данияр Жігітбек