Пайғамбар мен жетім бала
Пайғамбар мен жетім бала

Мейірім тұнып тұрған бар мінезің,
Елжіреткен тасжүрек жанның өзін.
Айт күні, Пайғамбарым,
Жалғызсырап
Отырған бір жетімді шалды көзің.

Арабтардың айт күнгі салты бар-тын,
Балаларға жасайтын тартуды әркім:
Түйеге отырғызып, ойнатушы ед,
Сақталатын жадында жарқын әр күн.

Ойнатпады, бірақ, бұл жетімді ешкім,
Бұл қайғы өзекті өртеп, өкінбес кім?
Көңілін ауламақ боп, жақындадың,
Өзің де жетімдіктің өтінде өстің...

- Балақай, мұң түскендей қабағыңа,
Неге жас үйірілді жанарыңа?!
- Әкем болса, түйеге мінгізер ед,
Жоғалттым пана болар ананы да.

- Қаласаң, анаң - Айша, әкең мен боп
Жүрейін, -
дедің көңілін көтерген боп.
- Отырғызып, ойнатар түйең жоқ қой -
Бұл тілегі баланың өтелген жоқ.

Сондағы елжіреуі-ай жүрегіңнің,
Найзадайын қадалды тілегі ұлдың.
- Кел, мінгін иығыма, мен - зор түйе
Болам, - деп, мұң түндігін түре білдің.

''Түйе'' боп, ''уф, уф'' деген дауысыңа
Елтіген шығар жанның бәрі, сірә.
Қарс айырылып кетпеді аспан қалай,
Жетім деп егілгенде жан ұшыра?!

Жетімнің түсінбеспіз қайғы-арманын,
Қай пенде басын сипап, ойлар қамын?!
Жетім көрсе жүрегі елжірер жан
Еске алса екен әуелі Пайғамбарын!
 
Данияр Жігітбек

 

Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
9 лет назад 6788
2 комментария
О блоге