Дүниенің мысалы
Дүниенің мысалы

Өтіп небір тау-белден алыс қалған,
Орман-тоғай, сазды жер, қамыстардан,
Жаныңды шүберекке түйіп алып,
Келесің қашып алып арыстаннан.

Қашып жүріп, бір орға түстің құлап.
Өміріңнің ащы уын іштің жылап.
Асулы арқанды ұстап, аман қалдың,
Сәті бар ғой бітетін күштің, бірақ.

Арқанды бір ақ пен бір қара тышқан
Кемірді мына тұстан, ана тұстан.
Құдай-ай, шығып кетер жол болса ғой,
Ор аузын күзетіп тұр әлі арыстан.

Арқаңды сүйейтұғын қайда тірек?!
Құтылсам ғой деген бар ойда тілек,
Төменге қарап қалсаң, о Жаратқан,
Айдаһар тұр азуын Айға білеп.

Адуынды айдаһар төмендегі,
Арыстан да азулы төбеңдегі.
Екі тышқан тоқтатпай кеміруін,
Мұншалық ауыр күйді көрер ме еді?!

Бір кезде бал ұяға түсті көзің,
Дәмін көріп, бал суын іштің өзің.
Неткен тәтті!
Жан-жақтан келіп тұрған
Қауіпті ұмыттырды күшті сезім.

Көзі ашық, көкірегі ояу жандар,
Бұл мысалда қанық бір бояулар бар:
Бал ұясы - мысалы дүниенің,
Тәп-тәтті үміт, сезім, ой-армандар.

Арыстан - Әзірейіл арттан қуған,
Алдыңнан орды қазып, қақпан құрған.
Екі тышқан күн менен түн секілді,
Уақытты енді келмеске аттандырған.

Айдаһар - Тозақ оты жалындаған,
Қам жасағын сақтауға жаныңды аман.
Мастанып дүниенің ләззатына,
Ахиретті ұмытып, жаңылма, адам!

 

Данияр Жігітбек

19.02.2015

Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
8 жыл бұрын 3601
1 пікір
  • Айналайын, сендей білімді азаматтарымыз көп болғай! Екі дүниенің абыройын тілеймін
    8 жыл бұрын
Блог туралы