Шыны керек бұрын өзімді қинап Құран оқитынмын. Әсерленбейтінмін. Құран менен алыс, дәлірек айтсам, мен Құраннан алыс болатынмын. Бірақ 3-4 жылдан бері әр Рамазанда Құранды хатым етіп келемін. Сонымен менің Қасиетті Кітаппен достығым шектелетін. Құранға жақын болмағандықтан, Алламен де байланысым сондай мықты болмады. Құран оқығанда бойымды жалқаулықтың дендеп алуы, зауқымның соқпауы жүрегімнің ластығынан деп ұқтым. Бірақ осы жылы рухани өмірімде төңкеріс болды. Рамазан айында бір ғалымның Құран жайлы уағызын тыңдадым. Ол кісі қарапайым ғана кеңес берген еді: күніге бір пара түпнұсқа + жарты пара тафсир оқып тұрсаңыз, Құран сіздің өміріңіздің айнымас бөлшегіне айналады, Құран атмосферасында өмір сүресіз. Сосын Рамазаннан кейін осы кеңеске амал ете бастадым. Бірақ 20 бет көптеу көрініп, 10 бет оқи бастадым...
Жалпы нәпсіні тазалау ілімінде бір қызық ереже бар. Ішкі дүниеңді тазарту үшін, сыртқы амалыңды түзе. Сыртқы амалың түзу болу үшін ішкі әлемің тазару керек. Мысалы, намазды хұшұғпен оқу үшін, жүрегің таза болу керек, ал жүрегің тазару үшін намазды хұшұғпен оқу керексің. «Құранды оқығанда жылаңдар, жылай алмасаңдар, жылаған сияқты болыңдар» дейді ғой. Бізге сыртқы амалымызды түзету жеңілірек. Сондықтан Құранды әдептерін сақтап басында қинап болса да оқу керек екен. Өзіңді бейне бір Құранды сүйетін жандай ұстап, оқуды тоқтатпаса, уақыт өте келе шынында да Құран жүректің еміне айналады екен. Нәтижесінде жүрек тазарып, Құранға деген махаббатың шынайы бола бастайды. Сыртқы амалдарың да түзеледі. Соған көзім жетті.
Бұрын көзім кітапта болғанмен, ойым басқа жақта жүретін. Қазір Құран оқығанда, ойымды барынша оқылып жатқан аяттарға жұмсауға тырысам. Арасында «мынау - менің Раббымның сөзі ғой» деп есіме салып қоям. Арабша аздап түсінгеніме шүкір айтам. Түпнұсқада аяттарды оқығанда, сөзбен жеткізе алмайтын сезімдерге бөленеді екенсің. «Адам баласы қиындыққа ұшырағанда, жатса да, тұрса да, жалынып-жалбарынып Алладан пана іздейді, ал Алла оны қиындықтан құтқарса, түк болмағандай паңданып шыға келеді» деген сынды адам табиғатын ашып беретін аяттарды оқығанда көзге еріксіз жас үйіріледі. Сондай-ақ Ахирет күні болатын жағдайлар сипатталғанда, әсіресе, «кәпірлер, мұнафықтар, имандылар былай дейді», «жылайды», «қуанады», «шіркін топырақ боп жоқ боп кетсем ғой» деп бәрін білуші Раббымыз алда күтіп тұрған жағдайларды айтып бергенде, жүрек шымырлап кетеді. «Ертең осының бәрі болатыны ақиқат қой» деп толғанасың. Жаннаттағы нығметтер сөз етілгенде, соған жетсем деген ұмтылысың артады. Аллаға ұнамды қасиеттер баяндалғанда, шынайы мүміндерге тән сипаттар жайлы айтылғанда, бойыңа сіңіріп алуға, соған ұқсауға асығасың. Оқылған аяттың дәмін соған амал еткенде ғана сезінеді екенсің.
Қысқаша айтқанда, Құранмен достығым осылайша қалыптасты...Құранмен өмір сүрсек, қандай көркем мінез иесі болар едік, шіркін! Өмірімізге сән кіріп, иләһи атмосферада кең тыныстап жүретін едік.
Данияр Жігітбек