Бір жылдан бері Алматы қаласының орталық мешітінде Имам әл-Ғазалидің "Ихия ъулумуддин" кітабы бойынша дәрістер жүргізілуде. Дәрістерді танымал ұстаз Ерсін Әміре өткізіп келеді. Жақында шаһуаттарды шектеу, оның ішінде тамақты аз жеудің артықшылықтары жайлы сабақ болды. Қысқаша конспект жасаған едім. Халыққа кішкентай болса да пайдасы тиіп қалар деп осында бөліскенді жөн көрдім.
"Тамақты аз жеудің артықшылықтары төмендегідей:
1. Аз тамақ жейтін адамның жүрегі тазарады. Көп тамақ жеп, тойып жүрген адамның жүрегі соқыр болады.
2. Аз тамақ жейтін адамның жүрегі жұмсарады. Жұмсақ жүрек зікірдің ләззатын сезінеді.
3. Аз тамақ жейтін адам тәкаппарлықтан арылады.
4. Аз тамақ жейтін адам қарны аш адамдарды ұмытып кетпейді, жүрегінде оларға деген мейірімділік оянады.
5. Аз тамақ жейтін адам шаһуаттарды сындырып, жамандыққа бұйыратын нәпсіні ("нафсуль-аммара-биссуу") басқара алатын болады.
Шынайы бақыт - нәпсіні басқара білуде. Адамның "маалик" деген сипаты болуы керек. Яғни, нәпсісіне басшылық ете білуі керек.
6. Аз тамақ жейтін адамның денсаулығы жақсы болады. Құлшылық жасауы жеңілдейді.
7. Аз тамақ жейтін адам қаражатын үнемдейді және көбірек садақа беруге мүмкіндік туады .
Қазір тамақты көп жейтін болсаңыз, бірден емес, біртіндеп азайтуға көшіңіз. Дене бітіміне, шұғылданатын ісіне байланысты әркімнің күнделікті жейтін тағам мөлшері әр түрлі болады. Хадисте айтылғандай "Асқазанның 1/3 бөлігі тамаққа, 1/3 бөлігі суға, 1/3 бөлігі ауаға арналсын". Асқазаннан "тойдым" деген сигнал 15-20 минуттан кейін келеді екен. Сол үшін тоймай тұру өте маңызды.
Ең басты талап - жейтін асыңыз адалдан болуына ерекше көңіл бөліңіз.
Дініміз кез келген істе орта жолды ұстануға шақырады. Тамақ жеу мәселесінде де орта жолды ұстансақ, қателеспеген боламыз, яғни, тамақ жегенде бір жағынан асқазанда ауырлық болмауы керек, екінші жағынан денеде әлсіздік болмауы керек."
PS: Осы кеңестерді бір досыма жібердім. Ол алдында материалдық жағдайына байланысты соңғы кездері тамақты аз жеп жүргенін айтқан еді. Мына кеңестерді оқып, ол толықтай келісетінін және күш-қуатты тамақ емес, Алла беретінін түсінгенін айтты. Аз тамақтанудың пайдасы болмаса, зияны жоқ. Тамақты өмір сүру үшін жеу керек қой негізі, алайда, өкінішке қарай, бүгінде біз тамақ жеу үшін өмір сүріп жүргендейміз. Тамақты құлшылық жасауға күш жинау ниетімен жеудің өзі - құлшылық. "Құлшылық үшін жаратылғандықтан", жоғарыда айтылған кеңестерге амал етсек, өміріміз жақсара түсетініне сенемін.
Данияр Жігітбек