Теледидар болғысы келген бала
Теледидар болғысы келген бала

Тексеріп әр шәкіртінің жұмысын,

Отырды ұстаз, екшеп қате-дұрысын.

Шығармасы біреуінің ерекше

Әсер етіп, терең алды тынысын.

 

Арман-тілек жайлы еді тақырып,

Көзіне жас алды оқып отырып.

Бөліскісі келді іштегі сезіммен,

«Оқып көрші» - деп күйеуін шақырып.

 

«О, Жаратқан, тілегім бар сұрауға» -

Деген сөзбен басталыпты шығарма.

-«Үйде тұрған теледидар сияқты

Болсам екен, адамдарға ұнауда.

 

Келсе де әкем шаршап, түсіп қабағы,

Мен болар ем уақыт тауып қарары.

Әуре-сарсаң анашымның сағаттап,

Менде ғана болар еді назары.

 

Зор пейілмен құлақ салып үніме,

Құрметтеп бір қояр еді төріне.

Жатар еді бауырларым таласып,

Маған жақын отыру үшін күніге.»

 

«Өз баласын мұндай күйге салатын, -

Күйеуі айтты  - жауыз әке, ана кім?»

«Бұл шығарма», - деді әйелі сол кезде. –

Баламыздың шығармасы болатын...»

             

Данияр Жігітбек

Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
8 жыл бұрын 3992
2 пікір
Блог туралы