Темекіні тастасаң, 9 жанұяны тамақтандырасың
Темекіні тастасаң, 9 жанұяны тамақтандырасың

Өткен жылдың соңында «Шұғыла» қайырымдылық қорының «Береке» бағдарламасы аясында Алматы облысындағы шалғай ауылдардың біріне бір топ жігіт ерікті ретінде барғанбыз. Міндетіміз күнделікті қажетті азық-түлік салынған қораптарды бізге берілген тізім бойынша жағдайы төмен отбасыларға үлестіру болатын. Барлығы тоғыз үйді араладық. Ішінде күріш, жарма, қант, шай, өсімдік майы, т.б. салынған қораптарды үй иелеріне ұсындық. Мұқтаж жандардың мұндай көмекке қалай қуанғандарын көрсеңіздер ғой. Кішкентай балалар да мәз-мейрам. Біреуге көмегің тигенін сезіну үлкен бақыт екен. Шынында да біз жағдайымыз жақсы болғанына риза болып, барлық адам өзіміз сияқты тоқшылықта өмір сүріп жатыр деп көмекке зәру, бір күндік азығын таба алмай отырған жанұялар бар екенін көп жағдайда ұмытып жатамыз. Осы акция кезінде небір кедей отбасылардың барын көрдік. Жүректе мейірім оянып, жанашырлық артқандай. Өміріміздегі проблема деп жүрген нәрселеріміздің болмашы ғана екенін түсінгендей болдық.

Осындай толқу үстінде үйге таксимен қайтып келе жаттым. Жүргізуші темекісін тұтатып еді, мен темекі түтініне шыдамай терезені аша бастадым. Жүргізуші:
             -  Темекі шекпейсің ғой дейм? – деді.

-          Иә.

-          Осы бәлені тастау керек еді...

-          Иә, зиян ғой қай жағынан алып қараса да. Денсаулыққа да, экономикалық жағынан да зиянды. Негізі күніне қанша қорап шегесіз?

-          Біреу ғой сол.

-          Бір қорап қанша тұрады?

-          200 теңге.

-          Мм..Сонда жалғыз темекінің өзіне бір айда 6000 теңгеңіз кетеді екен ғой.

-          Мә, сонда бір жылда 72000 теңге кете ме? Қалай өзі? Мәссаған! - деп өзі таңданысын жасыра алмады.

-          Сол ақшаны темекіге жұмсамай, садақа ретінде берсеңіз, үлкен сауапты іс істеген болар едіңіз ғой, - деп күліп қойдым.

-          Енді...онсыз да садақа береміз ғой, - деп ол кісі ақталғандай болды.

 Іштей «Әй, қайдам, жылына 72000 теңгені садақа ретінде бере салатын жандар некен-саяқ қой қазір» дедім. Айтпақшы, әлгі біз таратқан әр қораптағы азық-түліктің жалпы бағасы шамамен 8000 теңге болады. Яғни, біз үлестірген тоғыз қорап 72000 теңге боп тұрғаны ғой. Сонда тасып бара жатқан байлығы жоқ қарапайым ғана такси жүргізушісінің өзі бір жыл темекі шекпесе, осы тоғыз отбасыны бір айлық азық-түлікпен қамтамасыз ете алатындай жағдайда екен.

 Данияр Жігітбек

Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
9 жыл бұрын 4705
0 пікір
Блог туралы