Уақытымды үнемдеген досым жайлы
Уақытымды үнемдеген досым жайлы

Мына MP3-Player-дің айнымас досыма айналғанына да 5 жылдың жүзі боп қалыпты. Универге, жұмысқа барар жолда, қоғамдық көлікте, тағы да бір жерге жүріп баратын болсам, осы плеерді тыңдауды әдетке айналдырып алдым. Біраз аудио-кітап, дәрістер тыңдап, дүниетанымымды кеңейттім, діни уағыздар тыңдап, рухани байи түстім. Ағылшын тілін меңгеру барысында listening-імді (тыңдау) жақсартуға біраз септігін тигізді. Жалпы уақытымды барынша пайдалы өткізуіме бұл плеер зор көмек болды. Жақында кішігірім есептеу жүргізіп көрдім. Бір жерге барып келуге (әдетте бұл қазір жұмыс, бұрын универ болатын) күн сайын шамамен 1 сағат уақытым кетеді екен. Аптада 5 жұмыс күні бар екенін ескерсек, бір айда (22 жұмыс күні) жай жолға кететін уақытта орташа 22 сағат пайдалы мағлұмат алуға болады екен. Демалыс күндерін алып тастағанда, бір жылда шамамен 200 күндей жұмысқа/универге барамыз. Күніне 1 сағат пайдалы аудио-дәріс тыңдауға болатынын қаперімізге алсақ, сонда бір жылда барлығы 200 сағат (!) шығады екен! Осыдан кейін қосымша білім алуға уақытым жоқ деп айтып көріңізші :)
Кейбір замандастарым белгілі бір себептермен өз уақытында білім ала алмай, қазір күзетші немесе таксист боп нәпақасын тауып жүр. Меніңше, олар уақыттарын дұрыс қолданып жатқан жоқ. Таксист құрдасымның көлігінде мағынасы жоқ музыканы ойнатып қойғанын көргенде, «қаншама жол жүреді, осы уақытта бір аудио-кітапты қосып қойса, біраз білімін арттыруға болар еді ғой» деп жаным ашиды.
Өткенде күзетте тұрған бір жас жігітті көрдім. Қалтафонын құлағына тосып, біреумен қызу сөйлесіп жатыр екен. Жайлы отырысына қарағанда, біраз әңгіменің басын шалып жатқан сияқты көрінді. Әңгімесінің ғылым-білім төңірегінде емес екені белгілі. Сол уақытта бос әңгіме айтқанша, қолына кітап ап оқыса немесе өміріне қажет аудио-сабақ, бір коучтың жеке даму жайлы лекциясын тыңдаса, әлдеқайда пайдалырақ болар еді ғой деп ойладым.
Есептеп қараса, ол жігіт жай тұрғанша, өз ауысымының (әдетте ол 1 тәулік) 6 сағатын белгілі бір саладағы аудио-кітапты тыңдауға арнаса, бір жылда беделді университетте екі семестр бойы оқытылатын материалға пара-пар білімді меңгеріп ала алады екен. Осыдан кейін біреуге налудың, уақыттың жоқтығын айтудың еш қисыны жоқ деп ойлаймын.
Әркімнің материалдық жағдайы, әлеуметтік статусы әр түрлі болғанымен, бәріне бірдей уақыт берілген. Күн сайын барлық адамның иелігіне 24 сағат беріледі. Оны әркім әрқалай пайдалануда. Уақыт – ең бағалы ресурс. Ақшаны қайтара алғаныңмен, уақытты қайтара алмайсың. Уақытын бағалай білгендер әрдайым алдыңғы шептен табылады, көп нәрсеге үлгереді әрі артында көп іс қалдырып кетеді. Осындай бағалы ресурсымызды тиімді пайдалана білуде жаңа технологиялардың, оның ішінде осындай MP3-плеердің рөлі ерекше. Осы 5 жылда маған қосымша 1000 сағат сыйлап, оны пайдалы іске жұмсауыма көмектескен «досыма» алғысым көп әрі достығымыз ары қарай жалғаса түссе екен деген тілегім бар.

Данияр Жігітбек

Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
8 жыл бұрын 6841
10 пікір
  • Жақсы кеңес екен, Ала разы болсын!
    8 жыл бұрын
  • sabr
    Ұялы телефон бар емес пе?
    8 жыл бұрын
  • Ма ша Алла! Керемет жазба, Данияр! Көптеген замандастарымызға ой салады деп ойлаймын, ин ша Алла!
    8 жыл бұрын
  • Алла разы болсын. Көп нәрсе үйренгім келеді, бірақ уақытты дұрыс пайдалана алмай жүрмін. Соңғы кездері бұны (бұрыңғыдан да көп) түсініп жүрмін.
    8 жыл бұрын
  • Керемет! Аллам разы болсын! Досыңыз екеуіңізге сәттілік!!!
    8 жыл бұрын
  • Бұл да бір қажырлықты қажет етеді. Мен де бастап едім тастап кеттім.
    8 жыл бұрын
  • Өте дұрыс. Мен бір жігітті білуші едім. Құран сүрелерін тез жаттап алатын. Өзінің есте сақтау қабілеті де жақсы жігіт еді. Дегенмен де, себебін сұрадым. Сөйтсем үйде болғанда Құранды жүзінен жаттайды екен да, жолда болғанда тыңдау арқылы қайталап, жаттап жүретін көрінеді. Сондықтан тыңдаудың да пайдасы көп. Тыңдап жүргенде көзің демалады, оқығанда құлағың демалады. )
    8 жыл бұрын
  • Тамаша. Расында да уақыт - ең бағалы, әрі қайтымсыз ресурс. Бірақ, мұндағы ең басты назар "күнініе 1 сағат" сөзіне аударылуы тиіс деп ойлаймын. Пайдасымен қатар, зиянын да ұмытпайық. Университеттегі бір оқыутшымыздың айтқан заманауи мақалы есіме түсіп отыр, "қазір тастамай құлаққап киіп жүретін болсаң, ертеңгі күнге тыңдау аппаратыңды әзірлей бер", деген...
    8 жыл бұрын
    • Сырым, мені де бұл мәселе алаңдататын. Құлақшынмен тыңдағанда, музыканың дыбыс жиілігіне қарағанда аудио-кітаптың жиілігінің құлаққа түсірер қысымы аз. Себебі онда тек текст оқылады. Есту қабілетіне тигізуі мүмкін зияны жайлы ойласақ, қала көшелеріндегі шудың әсері одан да көбірек дер едім. Кейде көшеде аудио-дәріс тыңдап келе жатқанда, көліктердің шуы оны басып тастайды. 5 жыл тәжірибемде есту қабілетімнің нашарлағанын байқамадым. Мүмкін даңғырлатып музыка тыңдаған болсам, жағдай басқаша болар ма еді...
      8 жыл бұрын
      • Данияр, мен бұл жерде сізден үлгі алатын жастарға құлаққағыс ретінде жазған болатынмын. "Жастық максимализм" деген бар емес пе? Е, осы расында пайдалы екен деп, күні бойы құлаққабын тастамай, тек аудиокітап қана тыңдап, бір жағы денсаулығына зиян тигізіп, бір жағы қоршаған ортаны елемей қалмасын дегенім ғой. Ал негізгі идея, әрине, көңіл құптарлық...
        8 жыл бұрын
Блог туралы