Пайғамбарды зиярат еткенде
Пайғамбарды зиярат еткенде

Мадина – әлемдегі ең ғажап қалалардың бірі һәм бірегейі. Қызының есімін «Мадина» деп қойған адам перзентінің бойынан осы қалаға тән сұлулық, жұмсақтық, тазалық табылсын деген болар,бәлкім. Бұл шаһарға табаны тиген жанның қала келбетіне ғашық болмауы мүмкін емес дерсің. Бұл қасиетті мекенді адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мүбарак аяқтарымен басып өткен. Бұл қаланың тау-тасы, топырағы, ғасырлар бойы өсіп тұрған пальмалары неткен бақытты деген ойға келесің! Себебі олар тірі кезінде Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көркем жүзіне куә болды. Бәлкім олар да Нәбиді сағынған шығар...

Ұшағымыз Мадина қаласына қонып, қонақ үйімізге орналасып болған соң, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітіне бет бұрдық. Жүрекке тыныштық сыйлайтын мекен бұл. Бейне бір Жәннаттың лебі есіп тұр ма деп қаласың. Намаз оқып тұра бергің келеді. Жаның содан ләззат табатындай. Құптан намазын оқып болдық. Енді бір маңызды шаруа қалған еді. Ол – осы қалаға келуіміздің басты мақсаты Пайғамбарыз Мұхаммедке (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сәлем беру. Пайғамбар қабірі мешіттің ішінде. Бірақ дайындықсыз бірден бара салуға жүрек дауаламады.  Оның үстіне үстімдегі еуропалық киіммен, ғұсыл, иіссусыз екі жаһан сардарының алдына баруға ыңғайсыздандым. Санамнан Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кім мені дүниеден өткен соң зиярат етсе, тірі кезімде зиярат еткендей болады» деген сөзі кетер емес. Мешіттен шығып, Пайғамбарымыз өзі киюді ұнатқан сүннет киімді іздеуге кірістім, таптым, иіссудің жақсысын сатып алып қайттым. Қонақүйден жуынып шығып, сүйікті  Пайғамбарды (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) зиярат етуге бет түзедім. Жүректе толқу бар. Кезекте тұрған қалың көпшіліктің бірі боп мінекей қабірге мен де жақындай түстім. Пайғамбарымыз өзіне сәлем берген адамға жауап беру үшін Алла оған рухын қайтарады екен және зиярат етіп келген адамға Қияметте Пайғамбарлық шапағат уәжіп болады екен. Осы ойдың үстінде ақырын қабірге жақындап «Әссәләму ъалайка иа Расул Аллаһ» деп амандастым. Сосын «Әссәләму ъалайка иа Абу Бакр», «Әссәләму ъалайка иа Омар» деп Пайғамбардың жанында жатқан оның жақын сахабалары Абу Бакр мен Омарға да сәлем бердім. Бұл өмірімде Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең жақын тұрған сәтім болды. Көзімнен неге жас шықпай жатыр екен деп таңмын. Сол сәттер көрген түстей еді. Не боп жатқанын толық түсіне алмадым. Осылайша алғаш зияратымды жасап қайттым.

Келесі күндері де намаздан соң, білмеймін неге екенін, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жатқан жеріне тағы да барсам деп жүрегім бұрылып тұрды. Сөйтіп ыңғайлы уақытта зиярат жасай бердім. Әр зиярат сайын жүрегім сол жерге байланып қалғандай күй кештім. Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген махабаттым артқанын сезіндім. Есімнен бір зияратым кетер емес. Сүйікті елшінің қабірі алдында ұзақ тұрдым. Адам аз еді. Сол жердегі тәртіп сақшылары да асықтырмады. Сондағы айтқан жүрекжарды сөздерім есте жақсы сақталыпты: «Әссәләму ъалайка иа Расул Аллаһ! Бәріне бұйыра бермейтін бақыт – Сізді зиярат етуді нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкір айтам. Нәбиім, Сіз бізді жақсы көргендей мен Сізді жақсы көре алмай жатырмын, сол үшін ұяттымын. Алладан Сізге деген махаббатымды арттыруын сұраймын. Сіз менің сәлеміме жауап қайтарасыз. Сізге Алланың игілігі мен сәлемі болсын. Сіз біз үшін қиналдыңыз, біздің ахиретімізге уайымдап азап шектіңіз. Соның қадіріне жете алмағаныма Алладан кешірім сұраймын» деп қайталай бердім. Күбірлеген дауысым дірілдеп шықты. Қимастықпен мешіттен шықтым. 50 метр жүрдім бе, жүрмедім бе, ішімді бір жылылық сезімі билеп, көзімнен жас тама бастады. Бұл – сағыныш, қимастық жасы еді. Әдетте ішкі сезімімді сыртқа шығармай жүретін едім, бұл жолы эмоцияға ерік бердім. Сол сәтте Пайғамбарға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген шынайы махаббаттың дәмін сезінгендей болдым. Бұған дейінгі «Пайғамбарды сүйемін» деген жалаң сөздерімнің жүректің түбінен емес, тілдің ұшынан шыққанын түсіндім. Салауаттарымның шынайы сағыныш, махаббатпен айтылмағанын ұқтым. Ал енді мүлде басқа күй кештім. Осы сезімді сезіну үшін бар малын сарп етіп, Пайғамбарды (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) зиярат етуге асықсыншы әр мұсылман!

Сол сәттен бері мінекей бір айдай уақыт өтіпті. Жүректегі сағыныш, махаббат артпаса, кемімеді. Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянынан үзінділер оқығанда, ол айтқан насихаттарды естігенде жүрек бей-жай қала алмайды. Сүйіктің жайлы оқи бергің, ести бергің келеді ғой. Махаббатың да сәт сайын арта беретіндей. «Әр адам кімді сүйсе, сонымен бірге болады». Иа, Расул Аллаһ, ахиретте Сізбен бірге болуды Алладан сұраймын!

Данияр Жігітбек
12.10.2015

Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
9 лет назад 5778
5 комментариев
  • Әмииин! Пайғамбарымызға (с.а.с) сәлем беріп, Оны зиярат етіп қайтқан сіз қандай бақыттысыз, Данияр. Мәдина туралы осы кезге дейін қаншама рет оқыдым, естідім. Пайғамбарымыздың ізі қалған сол бір ғажап қалаға ессіз ынтық болдым. Мәдина дегенде көз алдыма Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен Әбу Бәкірдің (р.а.) қалаға кіріп келе жатқан сәті, оларды қуанышпен күтіп алып тұрған Мәдина жұртшылығы елестейді. Қиналғанда Сүйіктімізге сая болған сол қаланы қалай жақсы көретінімді сөзбен жеткізе алмаймын. Сіздің мына жазбаңыз Мәдинаны көруге құштарлығымды одан сайын арттырды. Алла разы болсын, сізге! Алған әсеріңізді сондай әдемі жеткізіпсіз.
    Және блогыңыз құтты болсын! :)
    9 лет назад
  • Алла разы болсын сізге! Манағы бөліскен әсеріңізді оқып өзім де сол маңда болғандай керемет күй кештім! Тілеген дұға-тілегіңіз қабыл болып, барша мұсылмандаға екі дүниенің бақытын, Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (салаллаху алейхи уа сәлләм) бірге болужы нәсіп етсін!
    9 лет назад
  • Мәдина қаласына барғаннан кейін Қасиетті Мекке қаласына барған боларсыз! Ол әсеріңізбен де бөлісе отырыңыз!
    9 лет назад
  • Осыны оқып отырып, бір Гаухар есімді апайымыз бар, сол кісінің қалай дінге бет бұрғанын айтып бергені бар еді, сол есіме түсті. Ол кісі Пайғамбарымыздың өмір баяны тұралы түрік тілінен аударылған кітапты оқып, Алла елшісінің өмірінен қатты әсерленгені соншалық, ештемеге қарамай намаз үйреніп, киіп жүрген қысқа етекті тастап, ашық басына шариғат шәлісін киген екен. Өзі сөз саптауына қарағанда, үлкен мемлекеттік жұмыс орнында жұмыс істегенге ұқсайды сол кездері. Бастығы қанша қарсы болса да, қанша үгіттесе де ұстанған бетінен қайтпапты. Кейін жұмысын діни салаға ауыстырған
    9 лет назад
О блоге
Прямой эфир