"Шүкірлік" күнделігі
"Шүкірлік" күнделігі

''Егер шүкірлік етсеңдер, нығметтерімді арттыра түсемін, ал егер күпірлік етсеңдер, менің азабым қатты'' (''Ибраһим'' сүресі, 7-аят). Түсінген жанға бұл аяттың мағынасы терең. ''Шүкір'' деп сөзбен айту жеңіл, ал жан-тәніңмен сезіну қиындау. Өмірде түрлі жағдайлар болады. Біз ұнатпаған сәттер де жоқ емес. Іс біз ойлағандай бағытта жүрмей жатса, шағымданамыз, қапаланамыз. Өзіміздің сәтсіздікке ұшырауымызды өзгелерден көріп, кінәлауға бейім тұрамыз. Бірақ бұның бәрі әлемдердің патшасы - Алланың қалауымен болып жатқанын естен шығарып аламыз да, оған шүкірлік танытпаған боламыз. Шын мәнінде, адамның күпірлік танытуға еш себебі жоқ. Керісінше оның өмірінің әр сәті шүкірлікке толы болуы керек қой. О баста ол жоқ еді. Алла оны бір тамшы судан жаратып, ерекше дене бітім беріп, жарық дүниені көру бақытын сыйлады. Әрбір секунд сайын бізге мейірім-махаббатын төгіп, қамқорлығын танытқан Аллаға қанша шүкірлер айтсақ та аз. Қарапайым мысал келтірсем...Адам үшін тамақ - тіршілік көзі. Сол тамақты ішіп-жеуіміз ыңғайлы болуы үшін Алла барлық жағдайды жасап қойған ғой. Мұрын, ауыз, көзімізді бір-біріне жақын етіп, жүзімізге орналастырған. Егер көзіміз, мысал үшін, желкемізде орналасқанда, не жейін деп жатқанымызды көру үшін қолымыздағы асты желке тұсқа ары-бері апарып, көп артық іс істеген болар едік. Немесе, мұрнымыз көкірек тұста орналасқан болса, жейін деп жатқан тамақтың иісін білу ыңғайсыздық тудыратын еді. Жарайды, ауызға ас түсті дейік. Енді соны әуелі бөлшектеп, сосын үгіту үшін күрек тістеріміз бен азу тістеріміздің түрлі формада болуының өзі ғажап нәрсе. Бұл - Алланың бізге деген үлкен махаббатының, қамқорлығының көрінісі. Айта берсе, санай берсе, Алланың бізге деген нығметтерінің шегі жоқ. Енді осылай бола тұра, біз неге өмірімізге разы емеспіз? Неге мұңаямыз? Неге әрбір таңды қуанышпен атырмаймыз? Себебі, Алланың сансыз нығметтеріне шүкірлік етуді ұмытамыз. Мен шынайы шүкіршілдерден болғым келді. Шүкірлік ету арқылы, Алланың маған деген нығметтерінің артқанын қаладым, Оған сүйікті құл болғым келді. Шүкірлік - адам жанына тыныштық сыйлап, бақытқа бөлейтін сезім. Психологтардың айтуынша, шүкірлік сезімі қорқыныш, қобалжу, үрей сынды сезімдерді сейілтеді екен. Яғни, сананы қорқыныш билей бастаса, шүкірлік жасауға себеп іздеңіз, сонда қорқыныш, алаңдауыңыздан із де қалмайды. Осы жайттың бәрін ойлап, мен былтыр өзімді шүкіршіл болуға тәрбиелеуге шешім қабылдаған едім: ''шүкірлік күнделігін'' бастадым. Сол жерге күніге Аллаға деген 10 шүкірлігімді жазып отырдым. Бір жазғанымды қайталамауға тырыстым. Басында қиындау болды, тағы не жазса болады деп біраз ойланған кездер болды. Бірақ уақыт өте келе шүкірлікке себеп табу оңай бола берді. Жыл соңына қарай, 1880 қайталанбайтын шүкірлік жазып тастаппын. Әрине, бұл өте аз. Сонда да осы жаттығу жақсы жаққа өзгеруіме көп септігін тигізді. Көп нәрсеге басқаша қарай бастадым, көңілдің құлазуы, еңсенің түсуі дегендерді ұмыттым. Мен үшін кез келген жағдай қайырлы көрінді. ''Өздерің өзгермейінше, Алла жағдайларыңды өзгертпейді'' (''Рағыд'' сүресі, 13-аят) демекші, өзімді өзгерту арқылы айналамның да өзгергенін көрдім. Білімім үшін шүкірлік еттім, Алла біліміме білім қосты, достарым үшін шүкірлік еттім, ізгі достарымның саны артты, денсаулығым үшін шүкірлік еттім, ауырмадым, ризығым үшін шүкірлік еттім, ризығым көбейді. ''Егер шүкірлік етсеңдер, нығметтерімді арттыра беремін'' деген Алла сөздерінің ақиқатына іс жүзінде көз жеткіздім.

Данияр Жігітбек
2015 жыл

Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
9 лет назад 13976
7 комментариев
  • Бірде "Рамаза айына дайындық жасап, арнайы жоспар құрамын. Садақа беру, құран жаттау , ифтар беру, ифтарға (ауыз ашар дастарханына) бару сияқты амалдарды мұқияттап жоспарлаймын" деген сөзді естіп, үлгі аларлық өнеге екен деп түйіп едім. Данияр бауырымыздың "шүкіршілік ету" турасында күнделік жазамын деуі де сондайлық жақсы амал екен. Әр құлшылығың, Алланың разылығын табуды көздейтін әр амалың қайырлы-берекелі болсын, Данияр!
    9 лет назад
  • Данияр бауырым сол жазып жүрген шүкірді қажет ететін 1880 нығметті оқырмандармен бөліскейсің. Ерекше қадам, тамаша тәсіл! Құранда: "Алланың нығметін есептесеңдер, санап тауыса алмайсыңдар!" делінген. Адам баласы нығмет жайлы пікір жүргізбегендіктен, шүкірден де мақұрым. Сенің шүкірлік күнделігің, Алланың берген нығметтерін тануға, олардың қадірін білуге, сол арқылы Иесіне қарыздарлығың мен алғысыңды білдіруге ұмтылуыңның көрінісі. Алла разы болсын!
    9 лет назад
    • Қайрат аға, Алла сізге де разы болсын! Мен көре білген 1880 нығмет күнделікті біз мән бере бермейтін қарапайым дүниелер еді. Мысалы, қазір жалғастырар болсам, "жазбам еліміздің беделді ислами сайтында жарияланды", "оған өзім ұстазым санайтын Қайрат аға жылы пікірін жазды", "осындай бөлісе алар дүнием болғанына шүкір", т.б. деп кете береді ғой :-)

      Пенде дінге, намазға әр түрлі жолмен келеді ғой. Біреу қорқынышты түс көріп, біреу қайғыға ұшырап, біреу жақынынан айырылып Раббысына бет бұрып жатады. Менің дін жайлы ойлануыма, қызығуыма, намаз бастауыма негіз болған осы шүкірлік сезімі еді. Жан-жағыма көз салып, Алланың маған нығметтерін үйіп-төгіп беріп жатқанын сезінгенде, төбем көкке екі-ақ жетпейтіндей еді. Сол жылдары сіздің уағыздарыңызды ұйып тыңдайтынмын. Шүкірлік тақырыбы сіздің уағыздарыңыздың өзегі десем, қателеспес едім. Сіздің себебіңізбен Алланың қалауымен намаз бастап кеткен едім. Әлі күнге дейін сізге алғыс айтам, дұғама қосам. Еңбегіңіздің жемісін екі дүниеде де көріңіз!
      9 лет назад
  • Машалла!
    9 лет назад
  • Қатты қиналғанда шүкір ете білу де Иманның мықтылығынан.
    9 лет назад
  • Биыл осы сайтты тауып, сәл де болса білімім артқан секілді. Аллама сансыз шүкірлік!Отбасыма не оқыдым,не тыңдадым барынша жеткізіп отырамын. Әсіресе уағыздар,"Не грусти" аудиосы орасан көмек берді. Өмірге мұсылман боп келгенімізге шүкір...Қайрат бауырым, сіздердің еңбектеріңізге алғысым шексіз.
    9 лет назад
О блоге