Гүл бағында
Гүл бағында

Көктем келіп, ерекше нұрлы еді бақ,
Көзіме оттай басылды гүлдері ұнап.
Құшақ-құшақ гүл теріп алар ма едім,
Кіруге болмайды екен мүлде, бірақ.

Кіргім кеп, қолқа сап ем бағбанына,
Қойды ол талаптарын алға мына:
''Бір ғана гүл таңдауға ерік берем,
Қайта алмайсың артыңда қалғанына!''

''Жақсы'' деп, баққа қарай беттеген ем,
Екі елі жетпей тұрды көкке төбем.
Аңсарым ауып түрлі әсем гүлге,
Жүрек ән сап, көңілім төккен өлең.

Қызғалдақтың көріп ем жақсы бәрін,
Соңғы таңдау осы деп топшыладым.
Көңіл, шіркін, тойған ба, жүре бердім,
Тапсам деген ниетпен жақсырағын.

Көрінгендей әдемі сарғалдақ та,
Раушан гүл жайлы көрдім армандап та.
Сөйтіп жүріп, алдыма қарап қалсам,
Тек қана тікенектер қалған бақта...

Әттең-ай, енді өкіну не береді?!
''Артқа қайта алмайсың'' деген еді.
Түрі-түсі келіскен бір әдемі
Гүлді таңдап, тоқтауым керек еді...

PS:

Гүлге толы құлпырған өмір - бақша,
Бақытты сол, өз гүлін-теңін тапса.
Тікенекке тап болып қалмас еді,
Жүрегінде қанағат орын тапса!

Данияр Жігітбек

2015 жыл

Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
8 жыл бұрын 10789
5 пікір
Блог туралы