Иманым
Иманым
Мен ешбір серігі жоқ, басталуының басы жоқ аяқталуының соңы жоқ мәңгілік болған, тумаған да, туылмаған, ешбір жаратылысқа ұқсамаған, ештеңеге мұқтаж емес, бәрін білуші, естуші, көруші жалғыз Аллаға иман келтірдім.
 
Ол ғана - ризық беруші. Маңдайыма жазылған ризықты менен басқа ешкім иемдене алмайды және оны тауыспайынша, өмірден өтпеймін. Мәселе сол ризыққа қалай қол жеткізуімде: адал жолмен бе, арам жолмен бе. Сол үшін ғана қам жеймін.
 
Дұшпанымның көптігінен қорықпаймын, күнәмнің көптігінен қорқамын. Себебі, бүкіл адамзат жиналып, маған зиян тигізбек болса, Алла қаламаса, мысқалдай да зиян келтіре алмайды. Сол сияқты, бүкіл адамзат жиналып, маған пайда келтірмек болса, Алла қаламаса, мысқалдай да пайда бере алмайды. Ал күнәмнің көптігі Алланың мейірімінен қол үзіп қалуыма әкеп соғады. Ал Алланың мейірімі болмаса, кішкентай жәндіктің өзінен зиян шегуім мүмкін.
 
Мен ешкімнен күшті емеспін, менен де ешкім күшті емес. Барлық күш-қуат тек Аллаға тән. Екі ернімнің бір-біріне тиюі де, кірпігімнің қағылуы да, көзімнің ашылып, жабылуы да бір Алланың жәрдемімен. От өздігінен қағазды жандыра алмайды, Алланың берген күші болмаса. Пышақ та, Алла күш бермесе, ешнәрсені турай алмайды.
 
Бір Аллаға тәуекел еттім. Ісімнің нәтижесі қандай болатыны маңызды емес. Ол - Алланың ісі. Қалағаным Алланың қалауына сәйкес кеп, дегеніме жетсем қуанам, ойлағанымдай болмаса, ол да жақсы. Бірақ сол жолда қолымнан келгеннің бәрін істей алдым ба, сол маңызды.
 
Дүние алаңдап, қам жейтіндей маңызға ие емес. Себебі оның масаның қанатындай мән-маңызы болса, Алла кәпірге бір жұтым су да ішкізбес еді. Ахирет - барыңды салып, тырысуға тұратын нәрсе. Себебі, теңізге кішкентай инені салып, шығарғанда, инеде қалатын тамшы су бұл дүниенің бар байлығы десек, теңіздегі қалған барлық су - ахирет байлығы. Алла дүниені адам үшін жаратқан, ал адам ахирет үшін жаралған. Олай болса, бар ынта-ықыласымды ахирет қамына арнауым дұрыс емес пе?!
 
Бұл сөздерді жазып отырған адамнан бұл сөздерді оқып отырған адам ықыластырақ шығар. Жазғанымның біреуге пайдасы тиіп жатса, қуанышты болар едім.
 
Данияр Жігітбек
ислам, иман
Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
9 жыл бұрын 5228
1 пікір
  • Данияр бауырым Алла разы болсын. Өте терең ақиқаттарды әдемі жеткізіпсің. Оқырман жыр шумақтарыңмен қатар осындай ойлы дүниелеріңді де күтеді. Қаламың ұштала берсін!
    9 жыл бұрын
Блог туралы