Whatsapp-тағы Құран хатым
Whatsapp-тағы Құран хатым

Әдетте Құранды хатым ету, яғни Қасиетті Кітаптың түпнұсқасын бастан-аяқ толық оқып шығу үрдісін Рамазан айында, Құран айында, байқап жатамыз. Имам Әбу Ханифа «Құранның ақысы – оны бір жылда екі рет хатым ету» деген екен. Көптеген сахаба, ғалымдардың өміріне зер салып қарасақ, Құранды өте көп оқыған. Құран оқу олардың өмірлерінің айнымас бөлшегіне айналған. Құранды хатым етудің ең аз уақыты 3 күн деп белгіленген. Құранды көп оқығаны сонша, Хазрет Османның (Алла оған разы болсын) 2 мусхафы жыртылып қалған. Хазрет Имам Шафиғи (Алла оны рахымына алсын) әдетте Құранды құптан намазынан кейін ашып, таң намазының алдында бір-ақ жабатын.

«Болмасаң да, ұқсап бақ» дегендей, Құранға жақындау үшін осыдан 2 жарым ай бұрын 8 жігіт болып бір тың бастаманы қолға алған едік. Ол - Құранды 2 айда хатым ету. Арамызда Құранды ежелеп оқып жүргендер, өмірінде әлі хатым етпегендер барын ескеріп, 2 ай уақыт аралығын жөн көрдік. Өзара ережелер бекіттік. Құранды екі айда толық оқып шығу үшін күніге 10 бет оқып тұруға келістік. Бір қарағанда 10 бет аса көп те емес. Бірақ күнделікті осы межені ұстап, тәртіппен алға жылжып отыруымыз – Аллаға ең ұнамды іс. Айша (Алла оған разы болсын) анамыздан жеткен хадис бар ғой: «Алланың ең жақсы көретіні -  аз болса да, тұрақты істелетін істер». Бір-бірімізді бақылап отыру үшін Whatsapp-та арнайы топ ашып, күнде кешке «10 бет оқылды» деп есеп беріп тұрдық. Жалпы жамағатта береке бар. Бұлай істеуіміздің бір пайдасы: жалқаулыққа беріліп, Құран оқуды кейінге қалдыра алмайсың. Себебі өзгелерден қалғың келмейді. Бұл топтың тағы бір ережесі: тек Құранға байланысты ақпаратпен ғана бөлісуге тиіс болдық. Пайдалы сурет, аудио-видео, жазбалармен бөлісіп, Құранның құндылықтарына қанық болдық, білмегенімізді біліп жаттық. Көбіне Кандехлевидің «Құранның құндылықтары» атты кітабын негізге алдық. Құранға деген махаббатты арттыратын, оны оқуға үндейтін көптеген хадистер, ғұламалардың сөздері келтірілген өте керемет кітап. Бір оқып шықсаңыз, өкінбейсіз. Жалпы Құранда көптеген пайдалар бар. Мәселен, Құранды кітаптан оқу көру қабілетін жақсартады екен. Ал Али (Алла оған разы болсын) үш нәрсенің есте сақтау қабілетін арттыратынын айтқан. Соның бірі – Құран (қалған екеуі: мисуак пен ораза). «Кім Құран оқыса, қартайғанда ақылынан алжаспайды» деген Ибн Аббас жеткізген сөз де бар. Осылайша Құранмен саяхатымыз екі айдай жалғасты. Айтпақшы, Whatsapp-тағы тобымызды «Мусафирууна маъаль-Құран» («Құранмен саяхаттаушылар») деп атадық. Youtube желісінде осы аттас Фахд әл-Кандаридің Құранды жаттауға ынталандыратын 30 сериядан тұратын видео бағдарламасы бар. Көруге кеңес беремін. Саяхытымыз қызық та пайдалы болды дер едім. Құран оқуымызды енді бастағанымызда, кейбірімізге ауыр тиіп жатты, күнделікті 10 бетін оқуға 2 сағаттай уақыт жұмсағандар болды. Бірақ сонда да қиындықтарға қарамай, «кемедегінің жаны бір» демекші, әрқайсымыз 604 бет Құранды толықтай оқып шығып, мәре сызығына бір атаның балаларындай бірге жеттік. Құранды аяқтар кезде, бәріміз жиналып, басқа да жігіттерді қонақ ретінде шақырып, дастархан жайып, Құран жайлы пікір қозғап, ой бөлісіп, уағыз айтыстық. Құран хатым дұғасын жасадық.

Бұл жобамыз Алланың қалауымен көп жемістерін берді деп ойлаймын. Құрансыз күнімізді елестете алмайтын болдық. Оған деген сүйіспеншілігіміз артқандай. Сонымен қатар қолға алған істі соңына дейін жеткізуді, сауапты амалда тұрақты болуды үйрендік. Үлкен сауапқа кенелген сияқтымыз. Құранда 320000-нан астам әріп бар екен. Әр әріпке бір сауап және ол 10-ға еселенетінін ескерсек, әрбіріміздің сауап қоржынымыз 3 млн 200 мың хасанатқа толықты деген үміт бар. Ал қиналып оқығандырымыз соның екі есесіне, яғни 6 млн 400 мың хасанатқа қол жеткізген шығар. Не деген нығмет десеңізші! Аспандағы жұлдыздар бізге қалай жарқырап көрінсе, Жер бетіндегі Құран оқылған үйлер Көктегі періштелерге дәл солай жарқырап көрінеді екен. Олай болса, осы екі ай бойы қазақтың жерінде кемінде 8 шаңырақ Құран нұрына малынып, аспандағы періштелер соған көзайым болып тұрды.

Жалпы Құранға үйір болудың, оны жиі оқудың, терең мағыналарына ой жүгіртудің негізгі жемістерінің бірі – мінез-құлықтың көркемденуі, жүректің жұмсаруы. Тат басқан жүректерді бірі үндемейтін, бірі сөйлейтін екі «уағызшы» тазартады екен: алғашқысы өлімді еске алу болса, соңғысы Құран оқу. Бұл жерде жалпы қандай да сөздің оны оқушыға тигізетін әсерін атап өткен жөн. Мәселен, логика мен философиямен айналысу, сол тақырыптағы кітаптарды оқу тәкаппарлықты тудырса, хадистерді зерттеп, оқу бойұсынушылықты арттырады. Күнәға шақыратын өлеңдерді, махаббат хикаяларын көп оқыған адам күнаға бейім бола бастайды. Сөздерде айтушының/жазушының ықпалы болатыны заңды. Сондықтан Алланың сөзі Құранды көптеп оқыған адамға оның тигізетін әсері орасан. Пенде бойына иләһи нақыштарды сіңіре бастайды, Жаратушысымен байланысы жаңа деңгейге көтеріледі.  Айналаға иләһи назармен қарайтын болады. Хақ пен Жалғанның парқын айыра алатын болады. Осман (Оған Алла разы болсын) «Жүректерің таза болғанда, Алланың Сөзіне (Құранға) тоймайтын едіңдер» деген. Біздің жүректер де Құран оқумен біраз таттан тазарған шығар.

Қазір Whatsapp-тағы Құран хатымымыздың екінші маусымын бастап кеттік. Қатарымыз да толықты. 13 адамбыз. Бағдарламамызды сәл күрделендірдік. Енді күнделікті 10 бет Құранға қоса 5 бет тәпсір/аудармасын да оқитын болдық. Оған қосымша бос уақытымызда жоғарыда аталған Фахд әл-Кандаридің «Құранмен саяхаттаушылар» бағдарламасын қарап жүрміз.

Осындай кішігірім жобамыз арқылы Аллаға жақындауды, Қасиетті Кәламын ұлықтауды ниет еткен едік. «Кімде-кім өзінің Алла алдындағы дәрежесін білгісі келсе, Құранға деген қарым-қатынасына қарасын» (Ибн Аббас) дегендей, Алла алдындағы дәрежеміздің жоғары болуын үміт еткен күйде, болашақта осы тектес Құранды ұлықтайтын ірірек жобаларды да іске асырамыз деген сенімдемін.

Алла баршамызға Ахирет күні Құранның шапағатына ие болуды нәсіп етсін!

Данияр Жігітбек

Құран
Данияр ЖігітбекДанияр Жігітбек
8 жыл бұрын 28788
21 пікір
  • Алла разы болсын Данияр бауырым! Жаратқан Құранға құштар жүректердің иесі болуды нәсіп етсін! Көпшілікке үлгі болар бұл ниеттерің ұзағынан болғай!
    8 жыл бұрын
  • Jaksi, ideya eken, Munday waralarga kajettilik bar Allah razi bolsyn
    8 жыл бұрын
  • Əмин
    8 жыл бұрын
  • Өте тамаша бастама! Қыздардың тобын құрып, осы бастаманы жалғастырып көрмесем деген ой келді! Рахмет!
    8 жыл бұрын
    • Марфуға, машаАллаһ! Кейін нәтижесімен бөлісесіз ғой. Алла жар болсын!
      8 жыл бұрын
      • Мені қоса алмайсыз ба топқа, Данияр? Алла разылығы үшін бір-бірімен араласқан бақытты жандардың бірі болар ма едік...
        8 жыл бұрын
        • Мирас, әрине, қоса аламыз. Қазір екінші маусым. Бірақ біраз ілгері кетіп қалған едік. Құранның 1/4 бөлігі оқылды (150 бет). Алла қаласа 12 желтоқсанда хатым қыламыз. Қаласаңыз, сол кезде де қосылсаңыз болады. Тел. нөміріңізді жазып жіберсеңіз...
          8 жыл бұрын
          • 87072318765 Бірден қоссаңыз жақсы болар еді. Желтоқсанға дейін күту ұзақ.
            Қуып жетемін иншАлла.
            8 жыл бұрын
          • Ас салам алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Мына мақаланың шыққанына 2 жыл уақыт өтіп кетіпті! Әлі де осы жоба жүзеге асып жатқан болса, Ин ша Аллаһ мені де қоссаңыздар екен! +7 707 192 6221! Аллаһ сіздерге разы болсын)
            6 жыл бұрын
        • Мирас алға, қосылыныз! 150 бетті + 70 бетті бір аптада оқып үлгеріп қосыламыз десеңіз, бастаңыз. Келесі хатмға желтоқсан айының 12 леріне шамамен қосылсаныз да болады.
          8 жыл бұрын
  • МашаАллах! Фахд әл-Кандаридің «Құранмен саяхаттаушылар» бағдарламасы негенді қайдан қарайсыздар?
    8 жыл бұрын
  • Sulu
    Ас-Салам! Аллаһ баршаңызға разы болсын! Осындай жақсы тәжірибеңізбен бөліскеніңізге Аллаһ разы болсын! Мен де ұлымның Құран оқығанын қалап Құранды 29 күнге бөліп, жеңілдетіп жоспар жасаған едім. Алғашқы аптада 1 сүреден, кейін бірнеше сүреден - ең бастысы әр күнге аяттар көлемін шамамен бірдей етуге тырыстым. Шукур аллаға, 1 айда Құран хатым шығарады. Менен озып кеткеніне қуанады. Мен оның бұл қуанғанына риза боламын. Алланың қолдауымен осыны бір қалыпқа түсірсем екен деген ниетім бар. Біз - ата-ана бүгін бармыз, ертең жоқ болуымыз мүмкін. Тірі кезімде ұлыма білгеніммен бөлісіп, жақсыны үйретіп кеткім келеді. Алланың тура жолына бағыт көрсетіп кетсем. Күнде оны бір Аллаға
    тапсырамын - мектепке шығарып салсам да, қайда бара жатса да. Ал, ол болса, үйде қалып бара жатқан мені Аллаға аманат етіп кетеді. Ол 10 сынып оқушысы. Орта, айнала оған әсер етеді. Сол үшін де уайымдаймын. Медресеге болашақта барса, мен қуанар едім. Жасөспірім кезі қиындау, шукур Аллаға, ренжітіп алса тыңдамай, дереу кешірім сұрайды, бетімнен сүйіп "Мама, күлші!" деп дегеніне жетпей қасымнан кетпейді. Шукур, Аллаға! Жоғарыда айтып кеткен жоспарымызды жазып жіберейін. Мүмкін біреуге көмегі тиер. Оны мен бір бет қағазға жазып қойғанмын. Құранның қай сүресін күнде оқу керектігін осы қағаз бойынша біліп жүреді. Күнде сүрелерді оқып болған соң, сол бетке Құранның закладкасын қойып жүр. Солай закладкасы келесі басталатын сүреде тұрады. Аллаһ Тағала бәрімізге иман байлығын берсін! Екі дүниенің де жақсылығын, бақытын берсін! Ақ жол, сәттілік барлық игі істеріңізге, бауырларым! Аллаһу әкбәр аманат! Әмин!

    8 жыл бұрын
    • Sulu
      *** 1 айда Құран хатым шығару жоспары. ***

      Һижри айлары бойынша ай сайын оқып жүру қиын емес. Ниетіңіз қабыл болсын!
      1. Фатиха-Бақара, 2 сүре.
      2. Аль-Имран, 3 сүре.
      3. Ниса, 4 сүре.
      4. Майда, 5 сүре.
      5. Әнғам, 6 сүре.
      6. Ағраф, 7 сүре.
      7. Әнфал-Тәубе, 8-9 сүрелер.
      8. Юнус - Худ, 10-11 сүрелер.
      9. Юсуф -Хижр, 12-15 сүрелер.
      10. Нахыл-Кәһф, 16-18 сүрелер.
      11. Марьям-Әнбия, 19-21 сүрелер.
      12. Хаж- Фуркан, 22-25 сүрелер.
      13. Шуара-Нәміл, 26-27 сүрелер.
      14. Қасас-Сәжде, 28-32 сүрелер.
      15. Ахзаб-Ясин, 33-36 сүрелер.
      16. Саффат-Сад, 37-38 сүрелер.
      17. Зумәр-Шура, 39-42 сүрелер.
      18. Зухруф-Ахқаф, 43-46 сүрелер.
      19. Мұхаммед-Зарият, 47-51 сүрелер.
      20. Тур -Қамар, 52-54 сүрелер.
      21. Рахман-Хадид, 55-57 сүрелер.
      22. Мужадала-Тахрим, 58-66 сүрелер.
      23. Мульк-Хаққа, 67-69 сүрелер.
      24. Мағариж-Муззамил, 70-73 сүрелер.
      25. Муддасир-Инсан, 74-76 сүрелер.
      26. Мурсалат-Назиғат, 77-79 сүрелер.
      27. Ғабаса-Иншиқақ, 80-84 сүрелер.
      28. Буруж- Ләйл, 885-92 сүрелер.
      29. Зуха-Нәс, 93-114 сүрелер.

      Егер айда 30 күн болса, соңғы 29 күнгі сүрелерді бөлсеңіз болады. Содан соң Құран хатым дұғасын жасаңыз. Аллаһ разы болсын!
      8 жыл бұрын
  • Sulu
    Хатым дұғасын әзірше қазақша мағынасын оқып жүр. Басында, менде арабша жазылған дұғасы болмады. Сол себептен, қазақшасын оқып жүрдік. Бір жағынан бұл жақсы болды -түсінеді, хатым дұғасында қандай жақсы тілектер айтылып жатыр, соны санасымен ұғып алғаны да пайдалы ғой. Ин ша Алла, арабша Құран хатым дұғасы қазір бар, енді оқимыз.

    Жоғарыда жазған жоспарды "Құран Кәрім Қазақша сөзбе-сөз мағынасы" 608 бетке қарап күндерге бөліп жазған едім.

    Аллаһ разы болсын баршаңызға! Ас-саламу алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ!
    8 жыл бұрын
  • Алладан кешірім сұраймын және оқырмандардан қате кеткен үшін "Шукур Аллаға" сөзінде.
    8 жыл бұрын
  • Тағы бар кеткен қате : 28. Буруж- Ләйл, 85-92 сүрелер.
    8 жыл бұрын
  • Ас-Салам! Осыдан бір жыл бұрын Құранның 30 парасы қай беттен қай бетке дейін екенін өзім білмедім. Сол себептен ыңғайлы жолымен оқи бастадық. Мен енді ғана Құранды параға бөліп оқуды апалармен қосылып оқи бастадым. Ин ша Алла ұлыма да параға бөліп оқуды үйретемін.
    8 жыл бұрын
    • уа алейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Алла сізге де разы болсын! Пайдалы ақпаратпен бөліскеніңізге көп рахмет! Ұлыңыз артыңыздан дұға қылатын хафиз болып өссін!
      8 жыл бұрын
      • Ас-Салам! Әмин! Айтқаныңыз келсін! Бәріміздің де ұрпақтарымыз ізгі , салиқалы ұрпақтар болсын! Баршаңызға Аллаһ разы болсын! Екі дүниенің де жақсылығын, бақытын сіздерге тілейміз! Әмин!
        8 жыл бұрын
Блог туралы